Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы мақта өңдеу зауытының аумағында ірі өрт оқиғасы тіркелді. Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында 170 тонна мақта жанып кеткенімен, зауыт аумағындағы қалған өнім аман сақталды.
Бұл туралы informburo.kz хабарлайды.
Түркістан облысы Мақтаарал ауданында орналасқан мақта өңдеу зауыттарының бірінде төтенше жағдай орын алды. Жетісай – Атакент тас жолының бойында орналасқан кәсіпорын аумағындағы ашық алаңда 17 қазан күні өрт шықты.
Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, өрт салдарынан жалпы салмағы 170 тоннаны құрайтын мақтаның төрт үйіндісі жанып кеткен. Тілсіз жау шарпыған аумақ 242 шаршы метрді құрады.
Зауыт аумағында барлығы 700 тоннаға жуық мақта сақталған болатын. Құтқарушылардың жедел әрекетінің нәтижесінде өрт толығымен сөндіріліп, қалған өнімнің өртенуіне жол берілмеді.
Оқиға салдарынан зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Қазіргі таңда өрттің шығу себептері анықталып жатыр.
Фото: Cotton husk · CC BY 2.0
